Қыс мезгілінде өңір жолдары үшін қарлы боран, көктайғақ пен қар көшкіні нағыз сынаққа айналады. Әсіресе қар жиі үйілетін және таулы аймақтардағы жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты өңірде қауіпті 22 учаске анықталып отыр.
— Атап айтқанда, қар басу қаупі бар 15 учаскеде қар тоқтататын қалқандар орнатылып, арнайы траншеялар қазылған. Бұл қардың жолға жиналуын азайтып, боран кезінде көлік қозғалысына кедергі келтірмеуге бағытталған. Ал қар көшкіні жүруі мүмкін жеті учаске ерекше бақылауға алынып, қосымша қауіпсіздік шаралары қарастырылған, — деп хабарлады ШҚО ТЖД.
Жолдардың қысқа дайындығы аясында 130 уақытша жол белгісі және 4 мыңға жуық бағыттаушы бағана орнатылды. Олар қалың қар мен боран кезінде жүргізушілерге жолдың шетін бағдарлауға көмектеседі.
Сонымен қатар 1 666 су өткізу және басқа да жасанды құрылымдар мен оларға кіреберіс жолдар тазартылып, 85 көпір ретке келтірілді.
Жол жағдайын тәулік бойы бақылау үшін 1 қарашадан бастап диспетчерлік қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Мамандар трассалардың жағдайын қадағалап, арнайы техниканың жұмысын үйлестіреді. Қандай да бір қауіп туындаған жағдайда тиісті қызметтерге жедел хабар беріледі.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да қыста жалпы ұзындығы 156 км болатын қауіпті 86 жол учаскесі бар екендігі хабарланған.