СҚО-да қыста жалпы ұзындығы 156 км болатын қауіпті 86 жол учаскесі бар
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында өткен қыста 109 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам көз жұмған. Тағы 153 адам түрлі дене жарақатын алған.
Биыл қыс қарсаңында полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талқылап, жауапты мекемелерге бірқатар тапсырма берді.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиевтің төрағалығымен өткен жиынға мемлекеттік органдар мен жолға жауапты ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мамандардың айтуынша, өңірде автомобиль жолдары мен көшелердің жалпы ұзындығы 16 мың км-ге жуықтайды. Мұндай ауқымды жол желісін қыс бойы күтіп ұстау оңай емес.
Жыл басынан бері полицейлер жол инфрақұрылымына 2 мыңнан астам тексеру жүргізген. Нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша 1627 нұсқама берілген.
Сонымен қатар қар құрсауында қалу қаупі жоғары жол учаскелері де анықталған. СҚО-да жалпы ұзындығы 156 км болатын 86 учаске бар. Енді аудандық полиция бөлімдерінің басшылары жол ұйымдары және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы аумақтарды қосымша тексеруі тиіс.
Жиында қысқы жолдарды күтіп ұстауға қажетті техниканың саны мен дайындығы, жолдарға себілетін материалдардың қоры, жылыту пункттерінің жұмысы секілді маңызды мәселелер қаралды.
Полицейлер ауа райы нашарлап, жолдар жабылған жағдайда тұрғындарды уақтылы хабардар ету, қызметтер арасында ақпарат алмасуды жедел ұйымдастыру, қозғалысқа шектеу қою және автомобиль жолдарын жабу кезінде іс-қимылдарды үйлестіру қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Алматы қаласының қысқа дайындығы туралы жазған едік.