Алматыдағы жылу желілерінің 54%-ы тозған: қала қысқа дайын ба
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматының жылу энергетикасы нысандары 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Биыл қалада 21,1 шақырым жылу желісі жаңартылғанымен, пайдалану мерзімі 25 жылдан асатын құбырлардың тозу деңгейі әлі де 53,9%. Қыс кезінде жылумен қамтуда қандай тәуекелдер бар және аяз күшейгенде жүйе қалай жұмыс істейді? Kazinform тілшісі Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мен «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-дан сұрап білді.
Жылу нысандары қысқа дайын ба?
Алматы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде 89 қазандық бар. Биыл олардың екеуіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 85 қазандық жөнделген.
Осылайша, қаладағы жылу энергетикасы нысандары биылғы жылыту маусымына толық дайын деп сендірді.
— Жылу өндіруші нысандардың негізгі технологиялық жабдықтары техникалық талаптарға сәйкес жұмыс істеуге дайын. Қатты аяз кезінде жылу жүктемесінің артуы ескеріліп, жабдықтардың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шаралары қабылданды, — делінген басқарманың ресми жауабында.
Ведомствоның хабарлауынша, қысқы кезеңге қажетті резервтік отын қоры қалыптастырылған. Қазір оның көлемі белгіленген нормативтен жоғары. Сонымен қатар жылу өндіруші нысандардың қосалқы жабдықтары мен резервтік қуат көздері тексеріліп, қажетті техникалық шаралар атқарылған.
Басқарма қолда бар өндірістік қуаттар қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті.
Пайдалану мерзімі өтіп кеткен құбырлар
Жылу өндіретін нысандар толық дайын болғанымен, қаланың жылу желілерінің тозу деңгейі әлі де жоғары. «Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметінше, пайдалану мерзімі 25 жылдан асатын құбырлардың тозуы — 53,9%.
Кәсіпорынның хабарлауынша, 2026 жылы Алматыда 21,1 шақырым жылу желісі жаңартылған. Жұмыстар негізінен таратқыш желілер мен аулаішілік аумақтарда жүргізілген.
— Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 52,1%-ға дейін төмендейді деген болжам бар. Бұл жүйенің сенімділігін арттырып, жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады кәсіпорын.
Кәсіпорынның мәліметінше, қазіргі уақытта қаланың барлық негізгі жылу магистралі штаттық параметрлерге сәйкес жұмыс істеп тұр.
Өткен маусымда бес ақау тіркелген
Жылу желілерінің тозуына байланысты қысқы кезеңде технологиялық ақау болуы да мүмкін. Кәсіпорынның дерегінше, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында II дәрежелі бес ақау тіркелген. I дәрежелі апаттар болмаған.
Ал биыл жылыту маусымы басталғалы бері II дәрежелі бір ақау байқалды. Кәсіпорын ақау бірнеше сағат ішінде жойылғанын айтады.
Қатты аязда жылу беру қалай бақыланады?
Жылыту маусымында, әсіресе ауа температурасы күрт төмендеген кезде, жылу желілеріне түсетін жүктеме артады. Осы кезеңде жүйенің жұмысын бақылау үшін кәсіпорынның диспетчерлік қызметі гидравликалық режимдер мен қосымша жылу көлемін үздіксіз қадағалайды.
Еске салайық, Алматыдағы № 2 ЖЭО көмірден газға көшіп жатқаны хабарланды.
Сондай-ақ Алматыдағы ЖЭО-2 көмірден қашан толық бас тартатыны айтылды.