Щучинскідегі қайғылы оқиғадан кейін әкімдік газ баллондарын тексеруді күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының әкімі қоғамдық тамақтану орындары мен адамдар көп жиналатын нысандарда газ баллондарын пайдалану және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Фото: Энергетика министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, газ қауіпсіздігі және газбен жабдықтау саласындағы бақылау-қадағалау функциялары аудан және қала әкімдіктерінің тұрғын үй инспекцияларына жүктелген.

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тексерістер мен рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.

— Щучинскідегі қайғылы жағдайдан кейін облыс әкімі бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде қоғамдық тамақтану орындары мен адамдар көп шоғырланатын нысандарда газ баллондарын пайдалану және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту бар, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Қазір мобильді топтар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ газ толтыру және автогаз құю станцияларын аралап тексеруді жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар тұрмыстық газ баллондарын кәдеге жарату пункттерін ашу мәселесін қарастыру жоспарланған. Бұл ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған.

Бұдан бөлек, өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр: бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және ресми ресурстар арқылы тұрғындарға тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріліп жатыр. Әкімдік өкілдері аудан және қала әкімдіктерінің тексерістері мен рейдтері әлі де жалғасып жатқанын атап өтті.

Еске сала кетейік, 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде газ-ауа қоспасының жарылысы болған.

Оқиға салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы 26 адам жарақат алды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі — «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мекеме иесі ұсталды.