Шұғыл ауыстыру қажет: Үкімет 350 мың тұрмыстық газ баллонына қатысты шешім жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне қолданыстағы газ баллондарын жаңартудың тетігін әзірлеуді тапсырды.

видеодан алынған кадр

- Өткен жылу беру маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты 7 оқиға тіркелді. Негізгі себеп оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы болды. Бүгінде 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды шұғыл ауыстыру қажет. Өнеркәсіп министрлігіне баллондар өндірісін жолға қою тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау және Алматы қалаларында да ашу көзделіп отыр. Ендігі кезекте жеке тұрғын үйлермен қатар, тамақтану орындарында да газ баллондарын ауыстыру жұмыстарын жолға қою керек, - деді О. Бектенов.

Фото: Үкімет

Сонымен қатар Премьер-министр бүгінге дейін тұрмыстық баллондарды айналымнан алып, кәдеге жарату тәртібі реттелмегенін айтты.

- Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде барлық өңірлердегі қолданыстағы газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алудың, сондай-ақ бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын. Әкімдіктер бұл жұмыстың жергілікті жерлерде іске асырылуын бақылауға алсын, - деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарына міндетті таңбалау енгізіледі.