Швеция еліне оралғысы келетін мигранттарға жеңілдіктерді көбейтеді

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM — Швеция үкіметі мигранттарға ерікті түрде оралғаны үшін жәрдемақы көлемін арттырады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ

Төлем бір адамға 10 000 кроннан (925 доллар) 350 000 кронға (32 400 доллар) және отбасына ең көбі 600 000 кронға (55 600 доллар) дейін ұлғайтып отыр.

Швецияның көші-қон агенттігінің баяндамасында көрсетілгендей, қаржы азаматтардың отанына оралу туралы шешім қабылдауында маңызды рөл атқармай отыр. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің көпшілігі (61%) Швецияда қалуға ниетті, тек 18% мигрант өз еліне қайтып оралуды қарастырады. Мигранттар үшін эмоциялық факторлар өте маңызды. Олар қауіпсіздікті, отбасымен қайта қауышу мүмкіндігі мен еліне қайтып оралған кезде қолдауды сезінгісі келеді.

Агенттік мәліметінше, ақпараттық науқанға 3,5 миллион крон ($324 000) жұмсалғанымен, биыл 111 өтініш түсіп, тек бір адам жәрдемақы алған.

Үкіметтің ерікті түрде елге оралу мәселесіндегі ынтымақтастыққа Йокмокк муниципалитеті келіспеді.

— Бізге коммунада тұратын барлық адам қажет. Біз көп болғанды қалаймыз, — деді муниципалитет басшысы Роланд Боман.

Йокмокктен кейін көптеген муниципалитеттер жұмыс күшін жоғалтудан қорқып, бағдарламаға қатысудан бас тартты.

Көші-қон министрі Йохан Форселл бұл бағдарлама ерікті түрде жүзеге асатынын және қазірдің өзінде интеграцияланған мигранттарға емес, үйіне қайтқысы келетіндерге арналғанын айтты.

Бұған дейін Швеция үкіметі еңбекақы салығын азайтуға ниетті екенін жазған болатынбыз