Швецияда үш жаңа атом электр блогы салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Швецияда жұмыс істеп тұрған Рингхальс атом электр станциясында жалпы қуаты 1410 МВт үш жаңа ядролық реактор салу жоспарланған, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ .

Фото: АЗЕРТАДЖ

Реакторлық технологияларды жеткізуші ретінде британдық Rolls-Royce SMR компаниясы таңдалды. Жоба энергетикалық Vattenfall компаниясы мен Industrikraft консорциумының қатысуымен жүзеге асырылады. Ал Швеция үкіметі бұл жобаға 30 миллиардтан астам швед кронын (шамамен 3 млрд АҚШ доллары) инвестициялауды жоспарлап отыр.

Бұған дейін іріктеудің соңғы кезеңінде екі үміткер қарастырылған болатын — америкалық GE Vernova Hitachi және Rolls-Royce SMR. Бағалау нәтижесінде британдық компанияның ұсынысы таңдалды. Себебі оның инвестициялық және пайдалану шығындары төменірек болып, құрылыс тәуекелдері де аз деп танылды.

Жоба аясында қуаты 470 МВт болатын үш реактор салу көзделген. Олардың жалпы электр энергиясын өндіру көлемі жылына шамамен 12 ТВт сағат. Бұл Швециядағы қазіргі электр энергиясы өндірісінің шамамен 7,5 пайызына тең.

Жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешім әлі қабылданған жоқ. Жоспарға сәйкес, алғашқы энергоблок 2030 жылдардың ортасына дейін іске қосылмауы мүмкін. Ал үш реактордың толық қуатта жұмыс істеуі 2040 жылдардың басына жоспарланған.

Швеция энергетикалық стратегиясы аясында атом энергетикасын дамыту арқылы электр энергиясын өндіру көлемін арттыруды көздейді. Ел 2035 жылға дейін кемінде 2500 МВт жаңа ядролық қуаттарды пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Қазақстан мен Франция атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек.