ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Швециядан депортацияланған 20 Өзбекстан азаматы Ташкентке оралды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Dunyo ақпарат агенттігінің мәліметінше, өзбекстандықтарды елге қауіпсіз қайтаруға Сыртқы істер министрлігі мен Швецияның құзыретті органдары жәрдемдесті. Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде азаматтардың құжаты рәсімделіп, чартерлік рейс ұйымдастырылып, құқықтық көмек көрсетілді.
Еске салайық, депортацияланған өзбекстандық мигранттар елге қайту шығынын өтеуге міндеттеледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2030 жылға қарай өзбекстандықтар әлемнің 50 еліне визасыз сапарлай алады.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.