Вале кантон полициясының бастығы Фредерик Гизлер сол күннің екінші жартысында өткен баспасөз конференциясында ақпаратты растады.
— Біздің есебімізге сәйкес, шамамен 40 адам қаза тапты. Тағы 115 адам зардап шекті, олардың көбі ауыр халде, — деді Ф. Гизлер.
Алдыңғы хабарламада жергілікті БАҚ полицияға сілтеме жасап, жаңа жыл түні Кран-Монтана орталығындағы бір барда қатты өрт шыққанын хабарлаған. Өрт туралы хабар жергілікті уақыт бойынша 01:30-дан кейін шұғыл қызметке түскен. Бірнеше кантоннан келген ондаған жедел жәрдем көлігі мен бірнеше тікұшақ оқиға орнына жеткен.
Швейцария Конфедерациясының президенті Ги Пармелен бұл оқиғаны ел тарихындағы ең қайғылы трагедиялардың бірі деп атады.
Вале кантондық бас прокуроры Беатрис Пиллу өрттің нақты себептерін әлі айтуға ерте екенін жеткізді.
БАҚ деректері бойынша, оқиға кезінде барда қанша адам болғаны белгісіз. Вале кантон әкімшілігі төтенше жағдай енгізілгенін жариялады.
Еске сала кетейік, Швейцариядағы курортта болған өрттен француз футболшысы зардап шеккенін жазған едік.