ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар дала өртімен дамылсыз күресуде. 10 мамырда Алтай ауданы Ермаковка ауылында шөп пен бұталар жанған. Отты ауыздықтауға жеке құрамнан 54 адам, 8 техника, жергілікті атқарушы органнан 8 қызметкер, 2 техника, орманшылардан 20 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылып, әуеден 33 тонна су төгілді. 70 гектар аумаққа жайылған өрт сағат 20.50-де оқшауланды. Алдын ала мәлімет бойынша жалынның шығу себебі – отты пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтамау.
Күн сайын өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметкерлері 20-30 рет дала өртін өшіруге аттанады. Көп жағдайда өрт ашық аумақта, саяжайларда және тұрғын үй секторында тіркеледі.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да табиғи қорықта 120 гектарға жайылған өрт сөндірілгенін хабарлаған едік.