ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша 240 рет жол апаты болған.
Соның салдарынан 338 азамат жарақат алып, 43 адам көз жұмды.
«Жол-көлік оқиғаларының арасында бетпе-бет соқтығысу, көліктің аударылуы және жаяу жүргіншіні қағып кету жағдайлары бар. Күн жылынғалы бері жол апаты жиілей түсті. Себебі тұрғындар қала сыртына демалуға шығып, көлік ағыны айтарлықтай артты», - делінген ақпаратта.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, жол апатының негізгі себептері – жылдамдықты рұқсат етілген шектеу асыру, көлікті мас күйде айдау, маневр жасау ережелерін бұзу және қарсы жолаққа шығу кету.
Жалпы биыл Шығыс Қазақстанда екі жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды.
Атап айтқанда, 8 мамыр күні сағат 11:20 шамасында республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолының Жарма ауданы Шар қаласының маңындағы учаскесінде «Ssang Yong Actyon» мен «Ваз-21014» көліктері соқтығысып, 6 адам мерт болды.
Ал 22 мамыр күні сағат 07:40-та «Алматы-Өскемен» тасжолының Жарма ауданы Қалбатау ауылының тұсындағы 959 шақырамында болған апаттан 5 адам көз жұмған еді.