Бүгін әлеуметтік желіде Ұлан ауданы Горняк ауылын су басып жатқаны туралы видео тарады.
Осы ретте ШҚО төтенше жағдайлар департаменті бұның шындыққа жанаспайтындығын мәлім етті.
«Бірде-бір үйді су баспады. Ауыл тұрғындарынан су тасқыны туралы хабарласқан ешкім болған жоқ. Қазір аймақтағы жағдай тұрақты. Бейнежазбада таудан ағып жатқан қарғын су түсірілген. Сондықтан жалған ақпаратты таратпауды сұраймыз», - делінген ақпаратта.
Жалпы Шығыс Қазақстанда су тасқынына бейім 71 елді мекен бар.
Бүгінде атқарылған шаралардың нәтижесінде 15 елді мекенде қауіп толықтай жойылып, 46-сында азайтылған.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерді бақылауға 260 волонтер тартылғаны хабарланған.