Шығыс Қазақстандағы су тасқынынан бюджетке қанша шығын келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккер Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынымен күреске бюджеттен жұмсалған қаражат көлемін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Премьер (ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев - ред.) Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыстар үшін 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлуді тапсырды. Аягөз қаласы бойынша да нақты цифрлар жарияланды. Су тасқынынан үйлері жарамсыз болып қалғандар үшін баспана сатып алуға шамамен 50 миллион теңге, түрлі көмек көрсету үшін - шамамен 70 миллион теңге жұмсалды», - деді В. Беккер ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өткен елдегі су тасқыны жағдайы туралы брифингте.

Сонымен бірге, ТЖ комитетінің төрағасы республикадағы құтқарушыларды қосымша құрал-жабдықтармен жасақтау үшін сатып алулар жүргізу қажеттігін мәлімдеді.

«Елдегі азаматтық құтқару бөлімшелері техника түрлерімен өте аз қамтылған. Қазіргі уақытта арнайы құралдар сатып алу үшін Үкімет резервінен 4,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді ол.

Оның айтуынша, құтқарушыларды қосымша жасақтау бойынша арнайы жоспар жасалмақ.

«Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының төрағалығымен видеоселекторлық режімде жиналыс өтті. Онда Ішкі істер министрлігіне жергілікті органдармен бірлесіп, 2018-2020 жылдарға арналған кезең-кезеңімен материалдық-техникалық жасақтаудың жоспар-картасын жасау тапсырылды», - деп атап өтті Беккер.