Мәселен, Шымкент қаласының жылу желілерінің ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Олардың тозу көрсеткіші – 37%. Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін энергия қысымын тексеру жұмыстары тиісті деңгейде орындалды. Қалалық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, жылу желілеріне техникалық аудит жүргізіліп, соған сәйкес тексеру нәтижелері белгілі болған. Жылу беру инфрақұрылымын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында 2023 жылы жергілікті және республикалық бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінді.
Айталық, республикалық бюджеттің есебінен 8,7 шақырымға жуық желілерді жаңғырту жоспарланған. Екі жоба бойынша 4,5 шақырымға созылған жылу беру инфрақұрылымының құрылысы қолға алынып, оның 1,3 шақырымын салу жұмыстары аяқталды. Қазір ұзындығы 4,2 шақырым болатын магистральды жылу құбырын жөндеуге байланысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Биылғы шілденің соңына қарай қажетті сараптаманың қорытындысы алынады деп көзделген.
«Тұтастай алғанда, Шымкенттегі жөндеу жұмыстары әкімдіктің ұдайы бақылауында», - деді жергілікті атқарушы орган өкілдері.
Сондай-ақ ҚР ИИДМ өкілі су бұру жүйелерінің жағдайын да бағамдап шықты.
Қазір 81 елді мекеннің 78-і таза сумен қамтамасыз етілген. 3 елді мекенде (Құрбай, Сайрам, Қайнарбұлақ) құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мұның нәтижесінде 72 мыңға жуық адам ауыз судан таршылық көрмейтін болады. Шымкент қаласы бойынша сумен қамтуды 98,5% жеткізу көзделген.
Бұдан кейін Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Түркістан облысына аялдап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды байқады. Атап айтқанда, облыста 34 орталықтандырылған жылу қазандығы мен 1 ЖЭО жұмыс істеп тұр. Аталған инфрақұрылымның нақты тозу мөлшерін анықтау үшін техникалық байқау жұмыстары жүзеге асырылды. Өңірде көмірге деген қажеттілік – 1 154 мың тонна. Қазір қатты отынның 121,5 мың тоннасы жеткізілді.
Бұдан басқа 4 сорғылау стансасы мен 6,6 шақырымдық магистральды жылу желілерін жаңғырту үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге аударылды.
Тексеру жұмыстарының нәтижесіне сәйкес Ә.Пазылбекұлы барлық жобаны белгіленген уақытта аяқтау үшін құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.