Шымкентте 10 күн ішінде ұялы телефон қолданған 1166 жүргізуші жазаға тартылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 10 күн ішінде  ұялы телефон қолданғаны үшін 1166 жүргізуші əкімшілік жазаға тартылды.  Сонша адамға қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін айыппұл салынды.

"Ураган" жедел алдын алу шарасын қорытындылаған қалалық Жол полициясы басқармасының қызметкерлері  6205 əкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

10 күн ішінде полицейлер ұсақ бұзақылық бойынша 62, ал қоғамдық орындарда мас халде жүргені үшін 67 азаматты жазалапты. Белгіленбеген орындарда сауда жасаған 81 тұрғын да тəртіп сақшыларының назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ кешкі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген 95 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары айыппұл төлейтін болды.

«Жол қауіпсіздігі бойынша көрсеткіштерді де атап өткім келеді. Бұл уақыттары Шымкенттің ала құйын жүргізушілері жылдамдықтарын бəсеңдетіп, қарсы бағытқа шығуларын азайтты. Мəселен, 10 күн ішінде жылдамдық тəртібін бұзғаны үшін 3 жүргізуші, ал қарсы бағытқа шығып кеткені үшін 7 жүргізуші жазаға тартылды. Бұрын бұл көрсеткіштер анағұрлым жоғары болатын. Шыны керек, барлық жүргізушіге мас халде рульге отырмау керектігіне көз жеткізу мүмкін болмады. 10 күнде осындай 48 адам анықталды»,- деді қалалық Жергілікті полиция бастығы Данияр Мейірхан.

Ол жүргізушілерді сонымен қатар көлікті басқарып келе жатқанда ұялы телефонды пайдаланбау, қауіпсіздік белбеуін тағу, жылдамдық режімін сақтау жəне жолдың қарсы бағытытына құйындатып шықпауға шақырды.

«Алкоголь ішкеннен кейін жүргізуші орнына отыруға өздеріңізге тыйым салуларыңыз қажет екендігін тағы да назарларыңызға салғым келеді. Соған қоса, рульде отырып ұялы телефонды пайдаланбауға шақырамын. Бұл өте қауіпті! Сондай-ақ жолда кездескендердің өмірін сақтауға мүмкіндік беретін негізгі ережелер. Абай болыңыздар, сонда ғана өз қаламыздың қауіпсіздігін бірге сақтаймыз»,- деді шаһардың Жергілікті полиция бастығы.