Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары үйдің астаң-кестеңі шығып жатқанын көреді. Сол үйдің келіні болса белгісіз үшеу бетперде киіп, үйді тонап кеткенін айтқан. Оның сөзінше күдіктілер күш көрсету арқылы ақшалар мен алтын бұйымдарды қолды етіпті. Жедел іздестіру шараларын жүргізген Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері артынша жәбірленушінің айтқандары жалған екенін анықтады. Белгілі болғандай 26 жастағы келіншек үйдегі заттарды өзі ұрлап, жертөлеге жасырып қойған. Соңынан полиция қызметкерлерін шақыртқан. Осылайша ол жуырдаға ғана ұрысып қалған енесінен кек алмақ болғанын айтыпты. Қазіргі таңда жалған хабарлама берген әйелдің үстінен Қылмыстық кодекстің 419-бабы «Көрiнеу жалған сөз жеткiзу» бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өңірдің тәртіп сақшылары болса соңғы кезде осы сынды жалған хабарлама беріп, қылмыс жасайтындар көбейіп бара жатқанын айтады. Мәселен, жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 419-бабымен 16 іс қозғалып, сотқа жолданған.