Шымкентте «Қауіпсіз қала» шарасы барысында 9 қылмыстық топ ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының алдын алу, болдырмау мақсатында облыстық прокуратураның бастамасымен «Қауіпсіз қала» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Шара барысында шаһарда 9 қылмыстық топ ұсталып, 73 қылмыстың беті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.      

Ашылған қылмыстардың ішінде пәтер ұрлығы, автокөлік бөлшектерін және автокөліктерден заттар ұрлау, тонау, алаяқтық тіркелген. Мәселен, пәтер ұрлығына қатысты Тараз, Қызылорда, Шымкент қаласы тұрғындарының басқаруындағы қылмыстық топтар ұсталған. Олармен қала аумағындағы жалпы 46 пәтер ұрлығына қатыстылығы анықталған. Бүгінде төрт адамнан құралған топ мүшелері қамауға алынып, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық», 190-бабы «Алаяқтық», 191-бабы «Тонаумен» іс қозғалған. Тәртіп сақшылары өзгенің қылмыстық құрбаны болмау үшін, тұрғындарға сақтық шараларын таныту керектігін түсіндіреді: өзінің мүлкіне мұқият болу, пәтердің есік-терезесін ашық қалдырмау, үйдің терезелеріне қорғаныш торлар мен  дабыл қондырғыларын орнату, ақша және бағалы заттарды сенімді жерге сақтап қою, сонымен қатар үйге бөгде адамдарды кіргізбеу. Автокөлік есіктерін бекітіп, дабыл жүйесін қосуды, автокөлігін сенімді автотұраққа қою керектігін ескертеді.

   Жалпы, шым қаланың жер көлемі артуымен, халық саны да өсіп отыр. Осыған сәйкес қылмыс санының артуы да қалыпты жағдай екені белілі. Десек те полицейлер қала аумағында тіркелген бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға төмендегенін айтады.