Шымкентте күйеуі үш рет пышақтаған әйел араша сұрады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы өтті. Партияға көмек сұрап келген жүкті әйел күйеуі ауыр дене жарақатын салса да, жазасыз қалып келетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шымкенттік келіншек Лаура Сариева үйдегі отағасының өзін үші рет пышақтағанын айтады. Соған қарамастан Қаратау аудандық полиция бөлімі қызметкерлері оның арызына немқұрайды қарап, араша түспепті. Қайта қылмыстық істі қайта жауып тастады деп отыр.

«Үшінші қылмыс подъезымның алдында болды. Күйеуім мені тұншықтырып, бір құжаттарға қол қойдырып алды. Сол жағдайдан кейін жағдайым нашарлап, мені жедел жәрдем  ауруханаға алып кетті. Ішімдегі балама оттегі жетпейді деп. Ішкі істер қызметкерлерінен құралған жедел топ сағат 14.30-да келді. Қалай олар жедел топ болып жұмыс істейді, егер сол уақытта ұстамаса. Үш қылмыста да жұмыс істеген жоқ», - деді Лаура Сариева.

Көшбасшы партияның кезекті қабылдауына келген өзге де тоғыз  азаматтың арызы тыңдалды. Оның 6-ауы ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты шағым болса, қалғаны сот шешімінің орындалмауына байланысты болды. Азаматтар ішкі істер қызметкерлерінің жұмыстағы салғырттығына ашына айтты.

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған партияның ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов құзырлы орган өкілдеріне айтылған мәселелерді тексеріп көру қажеттігін атап өтті.

«Кінәлілерді бақылауға алып, мәселенің бәрін шешу керек. Өйткені, оны бұлай жібере беруге болмайды. Облыс көлемінде мұндай жағдайлар өте көп. Бірақ біреулер шағымдана алады, біреулер айта алмайды», - деді Нұрмахан Жолдасов.