Шымкентте полицейлерге арналған саябақ салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов iшкi iстер департаментiнiң қалалық бөлiмшелерiнiң жұмысымен танысу барысында Шымкентте полицейлерге арналған саябақ салынатындығын мәлім етті.

Облыс әкiмi қызмет бабында ерлiкпен қаза тапқан полиция қызметкерлерi мен осы салада еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсету үшiн Шымкент қаласынан арнайы саябақ салу мүмкiндiгiн қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, полиция бөлiмшелерiнiң ғимараттарын уақыт талабына сай реттеу үшiн ұсыныс енгiзудi Шымкент қаласының әкiмi мен тиiстi құрылымдық бөлiмдердiң жетекшiлерiне жүктедi. Қала әкiмi өз кезегiнде Қаратау аудандық iшкi iстер бөлiмшесiнiң ғимаратын жаңадан салынып жатқан «Шымкент сити» ауданында орналастыруды ұсынды. Бөлiмшенi жаңа инфрақұрылыммен жабдықтау қажеттiгiн атап өткен өңiр басшысы бұл жобаны қолдады.

Облыс әкiмi мемлекет тарапынан тәртiп сақшыларына барынша жағдай жасалып жатқанын айта келе, осыған лайықты жұмыс атқару арқылы ел сенiмiн ақтау қажет екенiн жеткiздi.

Айта кеткен жөн, оңтүстiкқазақстандық полиция қызметкерлерi алдағы үш жылда 350 қызметтiк көлiкпен қамтамасыз етiлетiн болады. Жасалған жағдай олардың жұмыс көрсеткiштерiн жақсартып, нәтижелi жұмыс атқаруға сеп болатыны анық, деп хабарлайды ОҚО әкiмiнiң баспасөз қызметi.