Шымкентте түсті металл ұрлағандар ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының полицейлері ізін суытпай түсті металл ұрлау кезінде екі жергілікті тұрғынды құрықтады, дейді облыстық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Қарагөзова.

2017 жылдың 10 қаңтар күні сағат 23.00 шамасында Шымкент қалалық ІІБ жол-патрульдік полиция қызметкерлері қызметтік тексеру жүргізу кезінде көшелердің бірінде күдік тудырған белгісіз тұлғалар түсті металл артып жатқан автокөлікті байқайды. Полицейлер 1998 және 1999  жылғы Шымкент қаласының екі тұрғынын құрықтады, оның бірі бұрын сотты болған.

 

Тәртіп сақшылары анықтағандай, қаладағы ғимараттың бірінен терезесінен түсіп алюминий ұрлаған. Ұрланған затты күдіктілер такси ретінде жалдаған «Опель» маркалы автокөлікке тиеп жатқан.

 

Оқиғаның барысын анықтау мақсатында күдіктілерді Шымкент қалалық ІІБ Еңбекші полиция бөліміне жеткізді. Айғақты заттар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

   

Алмас СҰЛТАН