Шымкентте үш адамды қағып кеткен полицейдің көлігінен 4 қаруы табылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бір отбасыны қағып, отағасын мерт қылған полицейдің көлігінен 4 атыс қаруы табылған. Қазіргі таңда оның үстінен заңсыз қару алып жүру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, жол апатын жасаған ішкі істер қызметкері Жандос Оразалиев екені анықталды. Қайғылы оқиға орын алған Мәртөбе елді мекенінде Жандос Оразалиев өзінің  «BMW 520»  көлігімен жолдың қарсы бетіне шыққан. Сөйтіп, бір отбасының мүшелерін қағып кеткен еді. Нәтижесінде отағасы 37 жастағы  Ғалымжан Маханов  сол жерде жан тәсілім етті. Ал, Бағила Бөкенбаева мен оның ұлы Бағдәулет  түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен болатын.
Көлікті қарау барысында полицейлер 4 атыс қаруын тапқан. Тексеру барысында табылған қарулар рөлдегі тәртіп сақшысының өмірден озған әкесі Мәлік Оразалиевке тиесілі болып шықты. Қазіргі таңда Жандос Оразалиев уақытша тергеу абақтысына қамалып, оның үстінен Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен 345-«Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» және 287- «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша іс қозғалған.

Тергеу шараларын облыстық ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасының тергеушілері жүргізуде. Алдын ала жасалған сараптамалық қортындыларға сәйкес, көлік тізгіндеген полицейдің қан құрамынан ішімдік пен есірткі заттар табылмаған. Ал, өңірдің прокурорлары қылмыстық істі өз бақылауына алып, процесуалдық прокурор бөлінгенін мәлім етті.