Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд барысында орталық көшенің бойында жеңгетайлықпен айналысатын екі әйелдің жеңіл жүрісті қыздардың қызметін ер адамдарға ұдайы ұсынып отырғаны анықталған. Клиенттерді төрт қызбен кездестіру үшін пәтерлердің біріне апарып, жолықтырған. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бір жеңгетай және төрт жеңіл жүрісті қыз полицияға жеткізіліп, тіркеуге алынды. Екінші жеңгетайдың жеке басын анықтап, оны ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
«Жыл басынан бері қала аумағында полиция қызметкерлерімен осыған ұқсас қылмыстың 12 жайты анықталған. Олардың жетеуі моншада, үшеуі массаж салонында және екі жалдамалы пәтерлерде орын алған. Бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табатын болады», делінген хабарламада.