Шымкентте жоғалып кеткен арнайы интернаттың 10 жасар тәрбиеленушісі табылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жоғалып кеткен арнайы интернаттың тәрбиеленушісі табылды. Ақыл есі кем 10 жасар Нұркен Құралбекті Сайрам ауданы, Ақсукент ауылының учаскелік инспекторы тауып алған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, бала Ақсу ауылына дейін жаяу барған. Оның денсаулығына ешқандай зиян келмепті. Қазір мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тиісті шаралар жүргізілген соң ол интернатқа қайтарылады.

Айта кетейік, 10 жасар Нұркен Құралбектің жоғалып қалғаны туралы анасы хабарлаған болатын. Полицияға арызданып келген келіншек ұлының ақыл есі кем екенін айтып, оның арнайы мектеп-интернаттан жоғалып кеткенін жеткізген болатын. Осыдан кейін тәртіп сақшылары жасөспірімді іздестіріп, қала тұрғындарын оны табуға көмектесуге шақырған еді.