Шымкенттегі ірі жол апатына себепкер болған жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі ірі жол апатына «Хово» жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі екені анықталды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, жол көлік оқиғасы бүгін таңғы сағат 8-дер шамасында орын алған. 26 жастағы «Хово» жүк көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, ВАЗ-21070 көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктің 1985 жылғы жүргізушісі мен 1960 және 1984 жылғы екі жолаушы оқиға орнында жан тәсілім еткен. Осы көлікте болған тағы екі жолаушы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды. Алдын ала хабарлағанымыздай, дәрігерлер екеуінің де жағдайы ауыр деп бағалауда.

Қазіргі таңда қайғылы жағдай бойынша облыстық ІІД Анықтау басқармасы және Еңбекші полиция бөлімінің қызметкерлері жол апатының себеп-салдарын анықтап, Қылмыстық кодекстің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша іс қозғады.

Бірнеше сараптамалар тағайындалып, жүк көлігінің жүргізушісі уақытша тергеу абақтысына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.