Департамент бастығы халықпен кездесуде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдардың қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, халыққа барынша жақын және олардың өтініштері қабылданатынын атап өтті. Әрі тез-арада келіп түскен арыз-шағымдарға заңды шешім қабылдану қажеттігін айтқан болатын.
Осы орайда Ералы Жұмаханбетов кездесу кезінде жергілікті халық тарапынан қойылған сұрақтарды кең көлемде талқылады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының Бас полицейі есігінің әрқашан ашық, тұрғындардың қандай да бір мазалап жүрген сұрақтары немесе мәселелері болса, міндетті түрде бірлесіп, ақылдасып шешімін табатынын жеткізді. Ал, тұрғындар өз кезегінде Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетовтың апта сайынғы азаматтарды қабылдауын Фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көретінін айтып, «әрбір басшы осылайша ашық және халыққа жақын болса екен» деген ойларын жеткізді.
Сондай-ақ, кездесу барысында қала аумағындағы елдімекендерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөлімдеріне қызметтік автокөліктердің беріліп жатқанын және тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, демалыс күндері қосымша автоэкипаждар жұмыс атқаратын болатынын ескертті.