Хабарламаға сәйкес, сапар Ким Чен Ынның шақыруымен ұйымдастырылып отыр. Кездесу Си Цзиньпиннің бірнеше апта бұрын Бейжіңде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путинді қабылдағанынан кейін өткелі отыр.
Себебі Вашингтон, Мәскеу және Бейжің Солтүстік Корея үшін негізгі сыртқы саяси серіктестердің қатарында саналады.
Қытай КХДР-дың басты экономикалық әріптесі әрі маңызды саяси одақтастарының бірі. Пхеньянның ядролық бағдарламасына байланысты халықаралық санкциялар енгізілгеніне қарамастан, екі ел арасындағы байланыс тығыз күйінде қалып отыр.
Кённам университетінің Солтүстік Корея мәселелері жөніндегі сарапшысы Лим Ыль Чхольнің пікірінше, Бейжің Пхеньянды өзінің дипломатиялық стратегиясына белсендірек тартуға және өзгеріп жатқан әлемдік тәртіп жағдайында ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылуы мүмкін.
Қытай мен Солтүстік Кореяны ұзындығы шамамен 1 400 шақырым болатын ортақ шекара байланыстырады. Екі мемлекет арасында өзара қорғаныс туралы келісім бар. Бұл – Қытайдың басқа мемлекетпен жасасқан жалғыз осындай келісімі.
Құжат тараптардың біріне шабуыл жасалған жағдайда өзара қолдау көрсетуді қарастырады. 2026 жылы аталған келісімнің жасалғанына 65 жыл толады.
Айта кетейік, бұған дейін Си Цзиньпиннің осы жылдың күзінде Дональд Трамптың шақыруымен АҚШ-қа мемлекеттік сапармен баратыны хабарланған.
Ал АҚШ пен Қытай президентінің кездесуі Орталық Азияға қалай әсер ететіні жөніндегі сарапшы пікірін мына жерден оқи аласыз.