Сиыр еті экспортына квота енгізу ішкі нарықтағы бағаға қалай әсер етті — Жұманғарин жауабы

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сиыр еті экспортына енгізілген квота ішкі нарықтағы бағаға қалай әсер еткенін айтты. 

— Болжам жасаумен айналыспаймын. Бірақ, сиыр еті бағасының тұрақтануына бұл шешімнің (сиыр еті экспортына квота) ықпал ететіндігі сөзсіз. Ол әкімшілік шара және ұзаққа созылмайды. Ең бастысы — келесі жыл мал шаруашылығын белсенді дамыту жылы болмақ. Біз 2 жыл бойы өсімдік шаруашылығына қаржы құйып, 2 жыл жақсы өнім алдық. Бұл бағытта кредиттік ресурстарды арттырдық. Біз дәл осындай жұмысты мал шаруашылығы саласында да жүргізуіміз қажет, — деді вице-премьер Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Сонымен қатар ол Үкімет нарықтағы ет теңгерімін жіті қадағалап отырғанын айтты.

— Біз рекордтық шекке жетіп қалдық — биыл шамамен 30 мың тонна экспорттадық және 40 мың тонна экспорттаймыз. Бірақ, мұның бәрі ішкі нарықтағы бағаға да ықпал етеді. Сондықтан жеке бордақылау алаңы мен ет комбинаты бар кәсіпорындар үшін ет экспорттауға квота енгіздік. Өйткені, экспортқа ет комбинаттарынан шығарылады, — деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, 3 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО елдеріне ІҚМ етін әкетуге квоталар бөлу қағидалары күшіне енді.