Симона Гальперин: Газада бейбіт тұрғындардың құрбан болмауына тырысамыз, бірақ бұл – соғыс

Израиль Сыртқы істер министрлігі Еуразия және Балқан мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Симона Гальперин Астанадағы бирифингіде Газадағы бейбіт тұрғындардың қырылу деректері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

«Әрине, бейбіт азаматтардың операция кезінде қаза табуы мүмкін екенін түсініп отырмыз. Біз олай болмауына барынша тырысып жатырмыз. Сол үшін де 1,5 миллионнан астам үнпарақ таратып, «шығып кетіңіздер» деп айттық. Біз сол үшін де 1 аптадан астам күттік. Яғни, 24 сағат уақыт беріп, бір тәулік ішінде Газаны тастап шығу туралы хабарлама берердің алдында бір апта күттік. Бірақ біз ХАМАС-тың олардың шығуына рұқсат бермей жатқанын көрдік», - деді Симона Гальперин.

Сондай-ақ ол Израиль армиясы әскери қимылдың алдында тыңғылықты барлау жүргізетінін атап өтті.

«Біз операция жүргізген кезде сондағы ахуалды қараймыз. Ондаған жағдай болды, егер әскерилер ол жерде балалар бар екенін, бейбіт азаматтар бар екенін көрсе, операцияны қайта жоспарлайды. Бейбіт халық арасынан құрбандар болмауына барынша тырысып жатырмыз. Бірақ бұл – соғыс», - деді Израиль СІМ өкілі.

Еске салсақ, Газа секторындағы палестиналық радикалдар Израиль аумағына зымыран атқылап, Израильдің орталығы мен оңтүстігінде ерекше жағдай енгізілген еді. 

Соңғы мәліметтер бойынша, Израиль әскері Газаны толығымен қоршап, екіге бөліп тастаған. 

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Газа секторында қазір Қазақстанның 76 азаматы бар.