Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ Орман қорғау инженері Баубек Құралбектің айтуынша, биыл өртке қарсы дайындық жұмыстары аясында парк аумағындағы 2152 шақырым минералды жолақты күтіп-баптау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 1771 шақырымы бойынша жұмыстар атқарылды.
— Жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 4 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігіне қатысты 700 ескерту тақтайшасы жаңартылды, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Мекеменің туризм бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Тәжиеваның мәліметінше, жыл басынан бері паркке қарасты Боралдай, Сырдария және Түркістан филиалдарына 13 мыңнан астам турист келген.
— Парк аумағында үш ақпараттық бекет орнатылды. Сондай-ақ парк аумағында Боралдай, Сырдария және Түркістан филиалдары бойынша жалпы 47,3 гектар жер туристік мақсатта ұзақ мерзімді пайдалануға берілген. Қазіргі таңда туризмді дамыту бағытында 14 жер пайдаланушымен келісімшарт негізінде жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді спикер.
Бұған дейін Ақсу-Жабағылыда тауға шыққан екі адамның бірі көз жұмғанын хабарлаған едік.