Сырдарияда 2019 жылдан бастап су күрт азайды — инспекция басшысы

Фото: Нұрболат Нұржаубай

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сыр бойының гидрологиялық ахуалы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Ол туралы пессимистік болжам бұрыннан айтылып жүр. Орталық Азиядағы ең ірі өзеннің қазіргі жағдайы, оны сақтап қалудың жолы қандай? Kazinform осы орайда Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғановпен сұхбаттасты. 

— Сырдарияның су қоры қалай реттеледі? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

— Өзіңіз білетіндей, Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларындағы Қарадария және Нарын өзендерінің қосылуынан Сырдария өзені бастау алады. Тәжікстандағы Бахри Точик су қоймасынан су төмен қарай, яғни Шардара су қоймасына түседі. Нарын-Сырдария өзендері жүйесінде 6 су қоймасы бар. Жалпы сыйымдылығы — 34,6 миллиард текше метр. Олар — Қырғызстандағы Тоқтағұл, Өзбекстандағы Әндіжан және Шарбақ, Тәжікстандағы Бахри Точик, Қазақстандағы Шардара су қоймалары мен Көксарай су реттегіші. Қазіргі күні осы су қоймаларында жиналған су көлемі — қойманың жалпы сыйымдылығының 46 пайызы.

Фото: Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы

Шардараға секундына 600 текше метр су түсіп жатыр, ондағы су көлемі — 4 миллиард 720 миллион текше метр, ал Көксарай су реттегішінде — 1 миллиард 384 миллион текше метр. Арал-Сырдария бассейнінде шағын су қоймаларын қосқанда 38 су қоймасы бар. Инспекция Созақ ауданын есепке алмағанда Түркістан облысы, Шымкент қаласы мен Қызылорда облысының аумағындағы су ресурстарын қамтиды. Қызылорда облысында жалпы сыйымдылығы 34,7 миллион текше метр 6 су қоймасы орналасқан. Оның 5-і — Жаңақорған, біреуі Арал ауданында. Бүгінгі күні осы қоймалардың 36%-ы толы, яғни 12,8 миллион текше метр су жиналған. Барлығында көктемгі егіске дайындыққа байланысты су жинау жұмысы жүріп жатыр.

— Қазір облысқа қанша көлемде су келіп жатыр? Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл ақпанда судың келуінің пессимистік сценарийіне сай әрекетке көшкенін білеміз.

— Көктөбе су бекеті арқылы біздің облысқа секундына 177 текше метр су келіп жатыр. Оны мүмкіндігінше көлдер жүйесіне, шабындықтар мен Арал теңізіне бағыттаймыз. Судың бір жылы мол, бір жылы аз болуы — қалыпты жағдай. Сырдария өзенінде судың азаю процесі 2019 жылдан басталды. Ал 2003-2019 жылдар аралығында жоғары қарқынмен келді. Шардара су қоймасына 20 миллиард текше метрден астам су келген уақыттар болды. Соңғы кездері бұл көрсеткіш 12-13 миллиард текше метр шамасында. Судың ең аз келген жылы — 2021 жыл, небәрі 10 миллиард 200 миллион текше метр. Сырдария өзенінің су қоры 37 миллиард текше метр болса, еліміз жыл сайын соның 12 миллиардын тұтынуы керек. Ал су аз жылдары 10 миллиард текше метрге дейін төмендейді. Былтыр қайтадан 12 миллиардтан асты.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

— Күріш егуге бейімделген Сыр өңірі оның көлемін жыл сайын азайтуға мәжбүр болып отыр. Суды үнемдеудің тағы қандай жолдары бар?

— Облыста бұған дейін 86 мың гектарға дейін күріш егіліп келсе, былтыр 81 мың гектарға дейін қысқарды. Сырдария мен Әмудария бойында орналасқан 5 мемлекеттің су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы жылына екі рет өтеді. Оның бірінде вегетацияға, ендігі отырысында вегетациядан тыс, яғни қысқы мезгілде бөлінетін су көлемі жөнінде болжам жасалады. 2025 жылдың қараша айында осы комиссияның 91-отырысы өтті. Сол кезде болжанған су көлемінің қазіргі күні Шардара су қоймасына 95%-ы келді.

Болжанған судан артық су болмайтынын байқаған соң жергілікті атқарушы орган және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қазсушар» кәсіпорнының Түркістан, Қызылорда филиалдарымен күнделікті байланыс орнатып, тығырықтан шығудың жолын іздеп келеміз. Суды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайтып, егін шаруашылығын әртараптандыру — суды үнемдеуге бағытталған амал. Биыл Қызылорда облысында күріш көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту көзделіп отыр. Тамшылатып суару әдісіне көшіп, оның орнына жүгері егу мүмкіндігі қарастырылды.

Өткен жылы өңірде 81 мың гектарға күріш егілсе, 60 мың гектарға дейін лазерлік тегістеу жұмысы жүргізілді. Бұл әдіс суды 20%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Суды тиімді пайдаланғаны үшін егін шаруашылығымен айналысатындарға мемлекеттен 80%-ға дейін субсидия беру көзделген. Былтыр Қызылорда облысында 8,5 гектарға дейін су үнемдеу технологиясы қолданылып егін егілді.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

— Су туралы сөз болғанда Кіші Арал мәселесін айналып өте алмаймыз. Оның қазіргі күйі қандай?

— Балтық жүйесімен есептегенде Кіші Арал теңізіндегі су деңгейі — 40,77 метр. Жинақталған су көлемі — 723 млрд текше метр. 2006 жылы Арал теңізінің солтүстік бөлігінде Көкарал бөгеті салынып, оған су жинау басталды. Сол кезде 3-4 жыл ішінде су толады деп болжанған. Кейбір жылдары су көп болып, тіпті одан да жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, артық суды үлкен теңізге тастауға мәжбүр болдық. 2024-2028 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес Кіші Аралдағы су деңгейін 44 метрге жеткізу жоспарланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, құжаты дайын. Жұмысты халықаралық қаржы көздері есебінен 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлаған.

— Ал теңіздің тұздылығы қандай? Балықтың тіршілік етуіне қолайлы ма?

— Теңіздің тұздылық мөлшері — шамамен 8,8 миллиграмм. Бұл — орташа көрсеткіш. Егер тұздылығы 12-13 миллиграмнан асып кетсе, балықтың өмір сүруі, өсуі қиындайды.

Фото: Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы

Еске салайық, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Сырдариядан келетін судың азайып жатқанын «объективті шындық» деп сипаттаған еді.