Сирия Асад режимінің құлағанына бір жыл толғанын атап өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Сирияда Башар Асад режимінің құлағанына бір жыл толуына арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл туралы Дамаскідегі Kazinform тілшісі хабарлайды.
Дүйсенбі күні ел астанасы Дамаскіде 2024 жылғы 8 желтоқсандағы оқиғаның бір жылдығына арналған әскери шеру ұйымдастырылды. Қорғаныс министрлігі өткізген шара Мезза ауданы мен Омейядтар алаңын қоса алғанда, қаланың негізгі көшелері мен алаңдарын қамтыды.
Ұқсас әскери іс-шаралар Хама, Хомс және Дейр-әз-Зор қалаларында да өтті. Онда өткен жылы астанаға бақылау орнату операциялары барысында пайдаланылған қару-жарақ көрсетілді.
SANA мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа мерейтойды Дамасктегі Омейядтар мешітінде таңғы намаз оқумен атап өтті. Ол көтеріліс кезеңінде киген әскери формасына ұқсас киіммен шыққан.
Өз сөзінде аш-Шараа елде басталған өтпелі кезеңнің қарқынын сақтауға және мемлекеттік институттарды қалпына келтіруге ниетті екенін жеткізді.
Асад құлағаннан кейінгі бір жыл: не өзгерді?
Өткен бір жылдағы өтпелі кезеңнің негізгі оқиғалары:
2024 жылғы желтоқсан: Башар Асадтың Ресейге қашуы. Асад әулетінің 54 жылдық билігінің аяқталуы.
2025 жылғы қаңтар: Ахмед аш-Шарааның уақытша президент болып тағайындалуы, конституцияның күші жойылуы, мемлекеттік қауіпсіздік құрылымдарының тарауы.
Ақпан: ЕО-ның негізгі санкцияларының тоқтатылуы, Дамаскіде ұлттық диалог конференциясының өтуі.
Наурыз: Конституциялық декларация әзірлене бастауы, Сирия Демократиялық күштерінің (СДК) мемлекеттік құрылымдарға интеграцияға келісімі.
Сәуір: Сирияның ХВҚ және Дүниежүзілік банк алаңдарына қайта оралуы, Ұлыбритания санкцияларының көп бөлігін алып тастауы.
Мамыр: Дүниежүзілік банк алдындағы қарыздарды өтеу, даму жобаларын қаржыландыруға қол жеткізу, АҚШ пен ЕО санкцияларының жеңілдетілуі.
Маусым: Еуропалық одақтың өтпелі кезеңді қолдауы.
Шілде-тамыз: әс-Сувейдадағы жергілікті тұрақсыздық, Израиль соққылары, кейінгі деэскалация.
Қыркүйек-қазан: аш-Шарааның БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеуі, соғыстан кейінгі алғашқы парламенттік сайлау.
Қараша-желтоқсан: аш-Шарааның АҚШ-қа сапары, санкциялардың бір бөлігін жою, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі делегациясының Дамаскіге келуі.
Енді не болуы мүмкін?
Қатарда өткен форумда аш-Шараа «Сирия бүгінде жақсы кезеңді бастан өткеріп» жатқанын айтып, елдегі кез келген зорлық-зомбылық үшін жауаптылар жазаланатынын мәлімдеді.
Ол өтпелі кезеңнің тағы төрт жылға созылатынын, бұл уақыт аралығында жаңа институттар құрылып, жаңа заңдар қабылданатынын, ал жаңа конституция бүкілхалықтық дауысқа ұсынылатынын айтты. Осыдан кейін елде президенттік және парламенттік сайлау өтпек.
Уақытша конституцияға сәйкес аш-Шарааның өкілеттігі кең. Қазан айында парламентті қалыптастыру үшін жанама дауыс беру ұйымдастырылғанымен, президент әлі де конституцияда көзделген 210 депутаттың үштен бірін тағайындамаған.
Аш-Шарааның айтуынша, алдағы кезеңдегі басты міндет – қол жеткізілген тұрақтылықты бекіту және мемлекеттің негізгі функцияларын қалпына келтіру.
Айта кетейік, БҰҰ өкілі Сириядағы барлық қылмысты тергеуге шақырды.