Сирия Ұлттық музейіне ұры түсті

Фото: Википедия

АСТАНА. KAZINFORM – Сирия Ұлттық музейіне ұры түсіп, олар ежелгі мүсіндер мен құнды жәдігерлерді үптеп кеткен. Бұл туралы сингапурлық Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

Белгілі болғандай, Дамаск қаласының орталығында орналасқан Ұлттық музейде 10 қараша күні кешке қарай ұрлық дерегі тіркелді. Қазір оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ұрланған мүсіндердің тарихы ежелгі Рим дәуіріне дейін барады.

Музей берген ақпаратқа сәйкес, ұрылар қылмыс кезінде шыны сөрелерді сындырған. Дамаск қалалық ішкі қауіпсіздік басқармасының өкілі тергеу органдарының ұрыларды ұстау және қолды болған ескерткіштерді қайтару үшін барлық шараларды қабылдағанын мәлімдеді.
Басылымның жазуынша, музейден алты көне мүсін ұрланған.

1936 жылы іргесі қаланған Сирия Ұлттық музейі араб елдері бойынша тарихы ең терең және аса маңызды мәдени мекемелердің бірі.

Сирияда азаматтық соғыс басталғаннан кейін, музей 2012 жылы жабылған еді. 2018 жылы музейдің бір бөлігі қайта ашылған. Ал Сирияда билік ауысқаннан кейін, 2025 жылдың қаңтарында музей жұмысы толық қалпына келген еді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйде Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен кездесу өткізгенін жазған едік.