Сириялықтардың көпшілігі Германияда қалады – сарапшы

Фото: BILD

АСТАНА. KAZINFORM – Канцлер Фридрих Мерцтің сириялықтарды жаппай өз еліне көшіру туралы мәлімдемесі нақты жағдаймен сәйкеспейді, дейді Констанца университетінің көші-қон жөніндегі сарапшысы Даниэль Тим.

BILD басылымына берген сұхбатында ол ондаған мың сириялықты депортациялау немесе ерікті түрде еліне қайтару ісі бос әңгіме екенін айтады.

Тимнің пікірінше, үкімет бар күшін салған күннің өзінде де мигранттардың басым көпшілігін еліне қайтара алмайды.

- Өзіңіз есептеп көріңізші, бізде жылына 250 күн бар. Тіпті чартерлік рейс күнде 50 жолаушыдан тасымалдаған күннің өзінде жылына 12-13 мың адам болады. Ал бұл дегеніңіз Германиядағы сириялықтардың екі-үш пайызы ғана, - деді ол.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір Германияа 900 мың Сирия азаматы бар. Олардың 200 мыңы азаматтық алып үлгерді.

- Не құқықтық жағдайға, не федералды үкіметтің жаңа депортациялау шараларын ұйымдастыра алмауына байланысты сириялықтардың көпшілігі елде қалады деп ойлаймын. Алдағы екі жылда Сирияға 10 мың адам департацияланғанның өзі таңқаларлық жағдай болатын еді, - деп қосты сарапшы.

Осыған дейін Германия үкіметінде сириялықтарды еліне қайтару мәселесі бойынша дау туындағаны туралы жаздық.