Сирияның жаңа көшбасшысы елден әскерді шығару үшін Израильге қысым жасауды талап етеді
АСТАНА. KAZINFORM - Аш-Шараа Израильдің іс-әрекетін бүкіл аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікке тікелей қауіп деп атады, деп хабарлайды Кazinform тілшісі.
Сирия Президентінің уақытша міндетін атқарушы Ахмед аш-Шараа халықаралық қауымдастықты Израильдің әскерлерін Сирияның оңтүстігінен дереу шығару үшін қысым жасауға шақырды.
Қазір Израиль армиясы буферлік аймақты ұстап, одан тыс жерлерге басып кіруде. Израиль бұны Сирияның жаңа басшылығынан қорғауға бағытталған әрекет деп санайды.
— Біз халықаралық қауымдастықты Сирияның құқықтарын қолдау және Израильге Сирияның оңтүстігінен әскерлерді дереу шығаруға қысым жасау арқылы өзінің құқықтық және моральдық міндеттемелерін орындауға шақырамыз, - деді аш-Шараа Каирдегі Араб лигасының саммитінде.
Аш-Шараа Сирия билігі ауысқаннан кейінгі Араб Лигасының бірінші саммитіне қатысты.
Ол «дұшпандық экспансия Сирияның егемендігін бұзу ғана емес, сонымен қатар бүкіл аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікке тікелей қатер» деп қосты.
Саммит аясында аш-Шараа алғаш рет Мысыр президенті Әбдел Фаттах әл-Сисимен кездесті. Мысыр президенттік кеңсесінің мәлімдемесінде бұл кездесуде әл-Сиси аш-Шарааны ешбір тарапты сыртқа шығармай, барлық сириялықтарды қамтитын инклюзивті саяси процесті бастауға шақырғаны айтылды.
Сирия президенті Ахмед аш-Шараа, бұрын Әбу Мохаммад әл-Джулани деген атпен белгілі, 2024 жылы желтоқсанда Дамаскіге жасалған ауқымды шабуыл кезінде Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың биліктен кетуіне әкелген «Хайат Тахрир аш-Шам» (ХТШ, Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ұйымының жетекшісі.
Көрші елдегі билік ауысқаннан кейін Израиль 1974 жылдан бері Голан жотасындағы Израиль мен Сирия күштерін бөліп тұрған БҰҰ патрульдік буферлік аймаққа әскерлерін орналастырды.
Құрлық шабуылдарынан бөлек, Израиль күштері соңғы күндері Сирияның әскери нысандарына бірнеше рет әуеден шабуыл жасады.
Израиль солтүстік шекараларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Қаңтар айында Израильде тіпті Сирия бойынша халықаралық конференцияға шақыру туралы ұсыныстар да болды, оның барысында елді әртүрлі әкімшілік бірліктерге бөлу мәселесі қаралатын болды.
Өткен аптада Сирияның саяси болашағын анықтауға көмектесу үшін Дамаскіде Ұлттық диалог конференциясы өтті. Онда аш-Шараа елдің аумақтық тұтастығын қорғауға шақырды.
Осыған дейін ЕО-ныңСириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін санкцияларды тоқтататыны туралы жаздық.