СҚО-да 100-ден астам қызметкердің құқығы қорғалып, оларға 17 млн теңге төленді

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр мемлекеттік еңбек инспекциясына жеке және заңды тұлғалардан 1 245 өтініш түскен. 

Еңбек инспекциясы комитетінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, еңбек инспекторлары өтініштердің негізінде 224 тексеру жүргізді, нәтижесінде 500-ге жуық заңбұзушылық анықталды.

– Деректердің басым бөлігі еңбек қатынастары саласына қатысты. Атап айтқанда, 25 іс әлеуметтік-еңбек қатынастарына, ал 213 іс еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне байланысты тіркелді. Тексеру қорытындылары бойынша жұмыс берушілерге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 131 нұсқама берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін 72 лауазымды және заңды тұлғаға 11,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, - дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Азат Көшербаев.

Еңбек инспекторларының араласуынан кейін 103 қызметкердің құқығы қорғалып, оларға жалпы сомасы 17 млн теңге жалақы мен өзге де төлемдер өндіріліп берілді.

Мамандардың айтуынша, жалпы алғанда, өңірде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы жағдай тұрақты. Қазіргі уақытта, инспекцияның мәліметінше, облыста ағымдағы және мерзімі өткен берешек жоқ. 

Бұған дейін СҚО-да еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасына 30 шақты кәсіпорын енгенін жазған едік.