СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, учаскелік полиция инспекторларының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – маскүнемдікпен күресіп, адамның қалыпты өмірге оралуына көмектесу. Осылайша, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу.
Былтыр СҚО-да наркологиялық орталыққа мәжбүрлеп емделуге 200 адам жіберіліп, оның 177-сі ем алып шықты. Олардың әрқайсысы қазір учаскелік полиция инспекторының назарында: жаман әдетке оралмайтынына көз жеткізіп, қажет болған жағдайда қолдап, көмек көрсетеді.
Аққайың ауданындағы ауылдардың бірінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Алмат Галеев үй-үйді аралау кезінде өткен жылы емделіп шыққан екі ағайындыны да тексерді. Ауыл тұрғындары наркологиялық орталықта болған кезде үйлері ескіріп, тұруға жарамай қалған екен. Ауданда туған-туыстары болмағандықтан, жерқойманы паналаған. Ауылдық округ әкімінің қолдауымен полицейлер оларды ауруханаға жеткізіп, өз қаражаттарына тамақ пен киім алып берді. Емделуден кейін ағайындылар Петропавлдағы әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізілмек.
«Учаскелік полиция инспекторы тұрғындардың өмірінен хабардар болуы қажет. Бұл үшін қызмет көрсетілетін учаскеде есепте тұрған тұлғалар, көмек қолын қажет ететін әлеуметтік осал топтар күнделікті тексеріледі. Учаскелік полиция инспекторы арыздарды қарастырып қана қоймай, оларды уақтылы шешу үшін проблемалық жағдайларды алдын ала анықтауы тиіс», - дейді Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаров.