Осылайша дәстүр, халықтар достығы мен әсем музыка – барлығы бір шығарылымда тоғысты.
Алуан түрлі тілде сөйлейтін әртістер кезекті рет музыка – бәріне түсінікті әмбебап тіл екенін дәлелдеді. Олардың орындауында қазақтың халық әндері жаңа деммен, заманауи әуенмен және шынайы эмоциялармен жаңаша естілді.
Эпизод қорытындысы бойынша ең жоғары ұпайды Моңғолиядан келген Мишель Джозеф (126 ұпай) пен Малайзиядан келген Язмин Азиз (126 ұпай) иеленді.
Үшінші орынды — Саро Геворгян (Армения), төртінші — Автандил Абесламидзе (Грузия), бесінші — Чжан Хэ Сюань (Қытай), алтыншы — Alem (Қазақстан), жетінші — Tamga (Қырғызстан), сегізінші — Мадинаболу Адылова (Өзбекстан), тоғызыншы орынды — Фахриддин Хакимов (Тәжікстан) алды.
Жоба ережесіне сәйкес, осы аптада ең аз ұпай жинаған бір қатысушы жобамен қош айтысты. Бұл жолы ерекше стилімен есте қалған Қырғызстаннан келген талантты орындаушы Tamga Silk Way Star жобасынан кетті.
— Мұнда әрбір әртістің шығармашылығын кәсіби қазылар алқасының сынынан өтті, оған қоса біз түрлі елдерден достар таптық. Әрине, мен өз шығармашылық жолымды жалғастырамын, өнерімді әрі қарай дамытамын, — деді Tamga.
Әнші қазылар алқасына, жоба ұйымдастырушыларына, жанкүйерлеріне және өз отандастарына қолдауы үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде Қазақстан атынан қазылық еткен белгілі әнші Сәкен Майғазиев қырғызстандық әншінің өнерін жоғары бағалады.
— Тіпті қазақ әншілерінің өзі «Желкілдек» әнін орындауға жүрексінеді. Бұл темп жағынан жылдам болғанымен, ритмі жағынан өте қиын ән. Вокалды да, дұрыс тыныс алуды да талап етеді, синкопалық ноталары, арасындағы өлшемдерінің өзгеруі бар, бұл әнге дөп түсу өте қиын. Алдағы уақытта бұл шығарманы өзіңнің ән қоржыныңа енгізсең де жарасады, — деді Сәкен Майғазиев.
Қазақтың халық әндеріне арналған Silk Way Star шоуының толық эпизодын сілтеме арқылы көруге болады.
Айта кетейік, халықаралық Silk Way Star вокалдық жобасы әр сенбі сайын сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасында, ал 22:30-да Silk Way арнасында көрсетіледі.
Қазақстанда ғана емес, шетел көрермендері арасында да жобаға қызығушылық артып келеді.