СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке құрамды вакцинациялау барлық аудандық орталық ауруханаларда және Петропавлдағы «Денсаулық» жекеменшік коммерциялық емес мекемесінде өтіп жатыр. 5 наурыз басталған науқан аясында осы күнге дейін 319 полицей коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін алды.
«Екпе ерікті түрде егіледі. Ешкімді мәжбүрлемейміз. Осы күнге дейін вакцина алған қызметкерлердің жағдайлары жақсы. Ауытқулар болған жоқ. Әрине, екпе қойылмас бұрын денсаулықтары тексерілді. Енді 21 күннен кейін екінші компоненті қойыла бастайды», - дейді СҚО ПД емханасы бар госпитальдің жетекшісі Ақәділ Қаныбек.
Коронавирус таралғалы бері СҚО-да 299 тәртіп сақшысы инфекцияны жұқтырған. Қызметкерлер арасында қауіпті вирустан өлу жағдайлары тіркелмеді.
Ал полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев COVID-19-ға қарсы вакцинация басталған кезде алғашқы лекпен барып екпе алды.