СҚО-да 5 күн ішінде есірткі қылмысына қатысты 8 дерек анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 5 күн ішінде келіге жуық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс аумағында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі өтті. Бес күн ішінде полицейлер 9 медициналық мекемені, 36 дәріхананы және 6 кәсіпорынды тексерді. Мақсат - заңды айналымдағы құрамында есірткісі бар заттардың заңсыз қолданысқа өтуін болдырмау.

Нәтижесінде есірткі заттарын және прекурсорларды сақтау және олардың айналымына қатысты 8 құқық бұзушылық анықталды. Жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік материалдар жинастырылып, шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жіберілді.

«Жедел-профилактикалық іс-шараның бірінші кезеңінде есірткі қылмысына қатысты 8 дерек анықталды, оның 2-уі сату фактісі және 2-уі аса ірі көлемде есірткі сақтау фактісі. Операция барысында заңсыз айналымнан 1 кг жуық түрлі есірткі заттары тәркіленді», - деді СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.