СҚО-да 8 мыңнан астам адамның қаруы бар

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 3 мың қару иесі тексеріліп, 143 заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың қаңтар айынан бастап азаматтар қолдағы қаруға байланысты мемлекеттік қызметтерді «электронды үкімет» порталы арқылы ала алады. Мұндай форматтың басымдығы көп – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, әуре-сарсаңды жояды.

Мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін небәрі электронды-цифрлық қолтаңба және қажетті құжаттардың электронды көшірмесі болса жеткілікті. Құжаттардың тізімінде қаруды иеленуге қарсы көрсетімнің жоқтығын растайтын 076У формасындағы медициналық қорытынды да бар. Сондай-ақ қаруды қауіпсіз ұстау бойынша анықтама қажет. Бұдан бөлек, аңшының жеке куәлігін және мемлекеттік баждың төленгенін растайтын түбіртек керек. Құжаттар тізбесі бойынша ақпаратты Петропавлда 8 7152 39-48-68 телефоны арқылы алуға болады.

Мемлекеттік қызмет 15 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Жыл басынан «Е-лицензиялау» форматында 242 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қаруды сақтау және алып жүру бойынша – 181, қаруды алуға қатысты 46 өтініш қаралған. Отыз бір адамның өітініштері кері қайтарылды. Оған құжаттардың толық ұсынылмауы себеп.

Полицейлер қару иелерін заңнама нормаларын қатаң ұстануға шақырады. Жыл басынан облыста қару сақтау қағидаларының 116 заң бұзушылығы анықталды. Азаматтар сейфте қарудан басқа да заттарды сақтаған. Мамандардың айтуынша, онда тіпті қарудың құжаттарын да сақтауға болмайды. Тағы 27 адам қаруды қайта тіркеу мерзімін сақтамаған.

Жалпы СҚО-да 8 мыңнан астам қару иесі болса, жыл басынан солардың 3 мыңы тексерілген.