СҚО-да ауыл баласы ойын алаңын жөндеп беруді сұрап, әкімдікке хат жазды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының кішкентай тұрғыны Ильдар Мухаметшин ойын алаңын жөндеуді сұрап, хат жазып, бейнеролик түсірді.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылы Петропавл қаласына тиіп тұр. Кейінгі жылдары елді мекенге көшіп келушілер саны артқан. Ал бала жөндеп беруді сұраған ойын алаңы Бескөлдегі Қазақстан және Жұмабаев көшелерінің қиылысында орналасқан.
Ильдар үлкендердің көмегімен түсірген бейнероликте бәрін тәптіштеп айтқан.
– Бір ай бұрын Қызылжар аудандық әкімдігіне хат жаздық. Өйткені Бескөл ауылдық әкімдігі біздің өтінішімізге құлақ аспады. Хатта балалардың ойын алаңын жөнге келтіруді сұрадық. Бізге барлығы жөнделді деген жауап келді, көрелік, - дейді жеткіншек.
Ильдардың айтуынша, жұмыс қалай болса солай істелген, яғни әткеншектер жартылай сырланған, жөнделмеген, кейбірі дұрыс бекітілмеген, қозғалып тұр. Қоршауы үзіліп кеткен, бірақ ол жөнделмей, жартылай сырланған. Орындық жанындағы қоқыс салғыш сол қалпы құлап жатыр. Ал маңындағы дәретханаға кірмек тұрмақ, жанына жақындау мүмкін емес.
«Мұндай жұмысты қабылдай алмаймыз, қайта істеу керек» деп, бала әкімдіктің жауабын қоқысқа тастады.
Бұған дейін СҚО-да тасқын кезінде квадроциклмен қап тасыған баланың ата-анасына айыппұл салынғанын жазған едік.