СҚО-да ауыл полицейлеріне учаскелік пункті бар тұрғын үйлер салынбақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауылдардың учаскелік полиция қызметкерлеріне тұрғын үйі бар полиция пункттері салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР ІІМ қоғамдық кеңесінің онлайн-отырысында СҚО полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың баяндамасы тыңдалды. Ведомство басшысы өңірдегі ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының 2019-2021 жылдарға арналған іс-шараларын іске асыру туралы ақпараттандырды.

Марат Төлебаев жеке құрамның кадр әлеуетін оңтайландыру жұмысы туралы, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы айтып берді. Петропавлда 41 қызметкер мен олардың отбасы мүшелері тұрып жатқан ведомстволық жатақхана бар. Биыл жергілікті атқарушы органдардың және шаруашылықтардың көмегімен Мамлют ауданының Новомихайловка ауылында ауылдық учаскелік полиция инспекторы үшін тұрғын үймен қосылған полиция пунктінің құрылысы жүргізілмек. Бұл бастаманы облыстың өзге де аудан әкімдері де алдағы уақытта қолдамақ.

Марат Төлебаевтың сөзінше, сервистік моделге көшудің негізгі принциптерінің бірі - халыққа жақын болу. СҚО полициясының барлық аумақтық бөліністерінде келушілерге ыңғайлы болу үшін азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі ашылған. Сондай-ақ, облыс орталығында заманауи модульдік бекеттер жұмыс істейді. Биылғы жылы Жас Өркен, Береке, Былғары зауыты, вокзал маңы ықшам аудандарында заманауи модульдің тағы төртеуі ашылмақ. Бұл полицейлердің үнемі учаскелерінде болуына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет көрсету, қылмыстық істерді сапалы тергеу, бірізділік принципі бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдау - СҚО ПД бастығы өз баяндамасында жұмыстың барлық негізгі бағыттарын қамтыды. ҚР ІІМ Қоғамдық кеңес мүшелерін тергеу бөліністерінің жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ солтүстікқазақстандық полицейлердің РФ шекаралас аумақтарындағы әріптестерімен өзара іс-қимылды нығайту мәселелері қызықтырды. Жалпы СҚО ПД жұмысын Қоғамдық кеңес мүшелері оң бағалады.