СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының 41 жастағы тұрғыны қолдан жасалған арақ саудасымен айналысқан. Еш жерде жұмыс істемейтін тұрғынның гаражын тексеру кезінде тәртіп сақшылары көлемі бес литрлік 125 ыдыс тапты. Олардың ішінде спиртке ұқсас сұйық болған. Өнім толық тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан ер адамға әкімшілік хаттама толтырылды.
Мамандардың айтуынша, бұл дерек өңірде 9-12 ақпан аралығында өтіп жатқан «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды. Полицейлер профилактикалық есепте тұрғандарды тексеріп, құқық бұзуға бейімді адамдарды анықтайды. Соның ішінде спирттік ішімдікті заңсыз сататындар басты назарға алынады. Өйткені отбасындағы жанжал көп жағдайда алкогольді ішуден шығады екен.
«Арнайы құжаты жоқ алкогольдік өнім денсаулыққа қауіпті. Ал спирт ішімдігін жасырын сату, соның ішінде сағат 23.00-ден кейін саудалау – мас күйде жасалатын қылмыстарға әкелуі мүмкін», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Операцияның 3 күнінде СҚО полицейлері арақ-шарапты заңсыз сатуға қатысты 14 деректі анықтады. Маскүнем, жанжалқой ретінде есепте тұрған 3 мың отбасы тексерілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 38 дерегі, соның жетеуі полицейлердің үй-үйді аралауы барысында анықталды. Жалпы 530 құқықбұзушылық тіркелген.