СҚО-да ауылда есірткі зертханасын ұйымдастырушы 16 жылға сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 8 есірткі зертханасының көзі жойылды, есірткі бизнесімен айналысқан 120 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында СҚО-дағы есірткіге қатысты жағдай айтылды. Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, былтыр 8 есірткі зертханасы, соның ішінде 4 синтетикалық есірткі өндіру және 4 фито-есірткі зертханасы анықталды.

«2021 жылдың ақпан айында облыс орталығында тұратын, «тұз» синтетикалық психобелсенді препараттарын сатумен айналысқан ерлі-зайыптыны анықтадық. Әрі қарай есірткі бизнесіне қатысы бар адамдар тобын анықтадық. Сатуды жолға қойған қылмыскерлер Жамбыл ауданының Миролюбово елді мекенінде есірткі зертханасын ұйымдастыру мақсатында арнайы үй сатып алып, жабдықтаған. Ал есірткі жасауға қажетті қопаларды ТМД елдерінен жеткізіп отырған», - дейді Жандос Басыбаев.

Жеке тұрғын үй зертханаға лайықталған, арнайы жабдықтар: араластырғыштар, ұсақтағыштар, колбалар, өлшеуіш ыдыстар болған. Сондай-ақ күкірт, тұз және бензол және т.б. өте улы қышқылдармен жұмыс істеу кезінде киетін қорғаныс костюмдері мен респираторлар табылды.

«Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде 3 кг астам синтетикалық есірткі тәркіленді – бұл шамамен 50 мың доза. Бұдан басқа буып-түю материалдары, оннан астам ұялы телефон, дәріхана таразысы, қашан, қанша сатылғандығы жазылған блокнот пен дәптер табылды.

Қараша айында мамандандырылған облыстық сотының үкімімен ұйымдастырушы 16 жылға бас бостандығынан айырылды, қылмыстық топтың қалған қатысушыларына 15, 11 және 12 жылға жаза кесілді», - дейді басқарма бастығы.

Тәртіп сақшысының айтуынша, былтыр қылмыстық жауапкершілікке 120 адам тартылса, соның 42-сі - 16 мен 25 жас аралығындағылар. 2020 жылдың қаңтарынан бастап есірткіні жарнамалау және насихаттауға жаза күшейтілді. Егер бұрын айыппұл салынса, қазір қылмыстың бұл түрі үшін 3-6 жылға бас бостандығынан айырады.