СҚО-да ауылдық учаскелік полиция инспекторына жұмыс кеңсесі бар қызметтік үй салынады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін ауылдық учаскелік полиция инспекторына жұмыс кеңсесі бар баспана салынатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, учаскелік полиция инспекторы Олжас Шаяхметов Мамлют ауданында 2 мыңнан астам халқы бар алты елді мекенге қызмет көрсетеді. № 10-ыншы әкімшілік учаскеде өткен жылдың соңынан бастап жұмыс істейді. Жас маманға жақында полиция пунктімен біріктірілген қызметтік үй тұрғызылмақ. Новомихайловка орталығынан учаске таңдалып, үйдің жоспары әзірленді. Жалпы аумағы 100 шаршы метр болатын қызметтік кеңсесі бар заманауи үйді салу және пайдалануға тапсыру маусым айына жоспарланған. Жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілер баспананы тұрғызуға көмектеспек.

Облыстық полиция басшысы Марат Төлебаев Мамлют ауданында болып, жаңа үйдің құрылыс жобасымен танысты, сонымен қатар ауданның әкімі Владислав Лукинмен бірге Қызыләскер ауылының тұрғындарымен кездесті.

Бірер күн бұрын ауылда №11 учаскелік полиция пунктінің ғимараты жөнделіп, пайдалануға берілді. Жаңа жиһаз, қажетті техникамен жабдықталды, 20 бейне бақылау камерасы қосылды. Мамлют ауданы полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, қазіргі уақытта ауданда 70-тен астам камера жұмыс істейді.

СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейтуге, сондай-ақ соңғы жылдары құқықтық тәртіпті нығайтуда тәртіп сақшыларына көмегін тигізген қоғамдық кеңестің әлеуетін пайдалануды жалғастыруға нұсқау берді.

Кездесу соңында полиция полковнигі Марат Төлебаев ауданның қоғамдық кеңесінің тоғыз өкілін алғыс хатпен марапаттады, сондай-ақ азаматтарды мәселелерімен жеке қабылдады.