Бұл туралы СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлады. Отадан кейін жансақтау бөлімінде жатқан әйел бүгін, 2026 жылғы 20 қазанда таңертең қайтыс болды.
Осылайша, жол-көлік апатында мерт болғандар саны төрт адамға жетті. Марқұмдардың барлығы Жамбыл ауданындағы балабақшада жұмыс істеген.
Естеріңізге салайық, жол-көлік оқиғасы 15 қазан күні таңертең Тайынша ауданындағы Кременчуг ауылының маңында болған. Үш жеңіл көлік пен екі КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбадан бір бағытта келе жатқан Audi автокөлігінің КамАЗ-дың артына кіріп кеткенін көруге болады.
Бес адам отырған жеңіл көлікті артынан екінші жүк көлігі соққан. Салдарынан Audi-дегі үш жолаушы — Жамбыл ауданындағы балабақшаның меңгерушісі мен екі тәрбиеші оқиға орнында мерт болды.
Тағы екі адам, жеңіл көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы әйел ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер бірнеше күн бойы 57 жастағы тәрбиешінің өмірін сақтап қалуға тырысты. Бес адамның ішінен 20 жастағы жүргізуші ғана аман қалды.
Апатқа қатысқан өзге көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, балабақша қызметкерлерінің сапары жеке мақсатта болған және жұмыс міндеттерімен байланысты емес.
Осы жол-көлік оқиғасына байланысты абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары мен сот сараптамалары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Астанада Tesla көлігімен соқтығысқан жүк көлігі көпірден құлап кеткенін жазған едік.