Петропавл-Көкшетау жолында бес көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Жол-көлік оқиғасы бүгін сағат таңғы 8.00 шамасында республикалық маңызы бар Петропавл — Көкшетау автожолының Кременчуг ауылы маңында болды.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолда үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ соқтығысты.
Салдарынан Audi жеңіл автокөлігінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Осы көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ.
— Қазіргі уақытта полиция абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның барлық себебі мен мән-жайын толық тексеру үшін қажетті сараптамалар тағайындалды, — делінген ресми жауапта.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол-көлік оқиғасында зардап шеккен көлік жүргізушісі мен жолаушы Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер әйелдің жағдайын ауыр деп бағалады.
Audi көлігінде Жамбыл ауданы Пресновка елді мекеніндегі балабақшаның қызметкерлері және рульде солардың бірінің баласы болған. СҚО білім басқармасы Тайынша ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.
- Жол апатында Жамбыл ауданының білім беру саласының қызметкерлері - балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, сапар жеке сипатта болған және қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты болған жоқ, - делінген басқарманың хабарламасында.
Бұған дейін Алматы облысында жол ережесін өрескел бұзып, кортеж ұйымдастырған төртінші жүргізуші жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.