Алматы облысында жол ережесін бұзған кортеждің төртінші жүргізушісі қамауға алынды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында жол ережесін өрескел бұзып, кортеж ұйымдастырған төртінші жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Алматы облысында жол ережесін бұзған кортеждің төртінші жүргізушісі қамауға алынды
Фото: Видеодан скрин

Қарасай аудандық полиция қызметкерлері 3 қазанда видеодағы барлық қатысушыны анықтады. Кадрларда Алматы — Астана автожолында бірнеше көліктің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып жүргені көрсетілген.

— ⁠3 қазан күні сағат 00:30 шамасында олардың Жібек Жолы ауылындағы мейрамханадан шығып, Алматы — Астана автожолы арқылы қозғалғаны анықталды, — делінген хабарламада.

Әкімшілік жауапкершілікке Жолдасбай Еркебұлан, Махсетов Бекарыс, Жұмалиев Ержан және Тұрғанбай Ардақ тартылды.

Алматы облысында жол ережесін бұзған кортеждің төртінші жүргізушісі қамауға алынды
Фото: Видеодан скрин

Жүргізушілерге қатысты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және бұзақылық фактілері бойынша 13 әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар BMW көлігінің люгінен пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан Базарымбетов Мейірбектің жеке басы анықталды. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Осылайша, оқиғаға қатысушыларға қатысты барлығы 14 әкімшілік хаттама толтырылды.

Материалдарды қарау нәтижесінде сот оларға 10 тәулікке әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындады.

Полиция жолдағы демонстрациялық және қауіпті әрекеттер қозғалысқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында кортеж ұйымдастырып, жол ережесін бұзғандар 10 тәулікке қамалған еді.

Сондай-ақ Алматы облысында кортеж қатысушыларына 600 доллар ұсынған жігіт қамалды.