СҚО-да биыл 1,2 мың км жол жөндеуден өтеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 1 мың км жол жөнделді. Биыл жұмыс жалғасып, жол желісінің нормативті жағдайын 85% жеткізу міндеті тұр.
СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңір автомобиль жолдарының ұзындығынан ел бойынша екінші орында тұр. Биыл 8416 шақырымның 1,2 мың км жөнделеді.
- Оның ішінде 800 км – жергілікті жолдар, 467 км – республикалық маңыздағы және қалғаны көше жолдары. Жұмыс «Петропавл-Жезқазған» республикалық маңыздағы жолдың Покровка-Петропавл учаскесінде жүргізіледі. Сондай-ақ Қайранкөл-Благовещенка, Дәуіт-Кішкенекөл, Меңкесер-Раздольное, Горьковское-Восходское, Кішкенекөл-Қаратерек елді мекендерінің аралығындағы жолдар жөнделеді. Атқарылатын жұмыстың 80% -ы орташа жөндеу, - дейді басқарма басшысы Ерден Шортыбаев.
Мәселен, Айыртау ауданында инфрақұрылымды дамытуға аса мән беріліп келеді. Өйткені мұнда Имантау-Шалқар курорттық аймағы орналасқын. Былтыр «Сокол» балалардың демалыс орталығына 400 млн теңгеге жол салынды. «Арман», «Турпан» және «Олимпиец» демалыс орындарына 6,4 км жол 369 млн теңгеге асфальт төселді.
- Биыл да демалыс орындарына, Никольское ауылындағы «Ботай» музей-қорығына, Сырымбет ауылындағы «Айғаным» үй-жайына жалпы ұзындығы 19 км жол төселеді. 3 млрд теңгеге «Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое» - 71 км автожолын жөндеу жұмысы жүріп жатыр. 44 км-не асфальт төселді, биыл 27 км жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - дейді Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев.
Петропавлда көше жолдарының жалпы ұзындығы – 366 км. Оның 182 км – асфальті жоқ қара жол. Қала билігі бес жыл ішінде бұл жолдардың барлығын ретке келтірмек.
- Былтыр 32 көшенің 28 км қара жолына асфальт төселді. Ал жалпы 49 көшенің 53,9 км жөнделді. Биыл 45 көше бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, оның 42-сі алғаш рет асфальтталатын болады. Оның ішінде «Бірлік» шағын ауданындағы көшелер де бар. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді, - дейді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.
Бұған дейін СҚО-да елді мекендердің 59 пайызында ғана мәдениет нысандары жұмыс істеп тұрғанын жазған едік.