СҚО-да биыл төрт орман өрті тіркелді

Фото: ТЖМ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында орманда өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға жыл басынан бері 1,2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. 

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыс аумағында орманды алқаптарды мамандар патрульдеу арқылы тексеріп, өрт-бақылау мұнараларынан және «Орман күзетшісі» интерактивті бейнемониторинг жүйесі көмегімен бақылайды.

Былтыр басқарманың қарамағындағы мемлекеттік орман қоры жерінде жалпы ауданы 9,89 гектар алаңда 4 орман өрті тіркелді.

Мамандардың айтуынша, қабылданған алдын алу және ұйымдастыру шаралары өрттің үлкен аумаққа таралуына және орман өрттерінің өршуіне жол бермей, жедел жоюға мүмкіндік берді. Барлық жағдай бойынша тексеру жүргізілді, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.

Өртке қауіпті маусым бойы мемлекеттік орман қоры аумағындағы орманды алқаптарда мыңнан астам рейд жүргізілген. Нәтижесінде өрт шығудың 29 дерегі тіркеліп, олар уақтылы жойылды.

Мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 37 хаттама толтырған. Заң бұзғандарға 1 157,5 мың теңге сомасына 37 әкімшілік айыппұл салынып, ол толық өндіріліп алынды.

Қазіргі уақытта орманшылар қылқан жапырақты ағаштардың күзетін күшейтті. Олардың айтуынша, қарағай өсуі үшін кем дегенде 15-18 жыл уақыт қажет. 

Бұған дейін СҚО-да шырша сатушылар бақылауға алынғанын жазған едік

Қылқан жапырақты ағаштарды мерекеге орай кесуге жол бермеу үшін облыс аумағында мобильді топтар құрылған